Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіптік одақтарды және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Федерация қызметінің нысаны және мақсаты – мүшелік ұйымдардың әрекеттерін кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға өкілдік ету үшін шоғырландыру және үйлестіру, кәсіптік одақтардың қызметіне құқықтық кепілдікті қамтамасыз етуге септесу.

Федерацияның жоғарғы органы – Федерацияның Бас кеңесі 5 жылда бір рет шақыратын Съезд болып табылады.

Федерацияның басшы органы Федерацияның Бас Кеңесі болып табылады.

Алқалы атқару органы – Федерацияның Атқару комитеті болып табылады.

Атқару-басқару қызметін Федерацияның төрағасы жүзеге асырады. Бақылау-тексеру органы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Тексеру Комиссиясы болып табылады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының маңызды қызметтерінің бірі – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысуы болып табылады.

Федерация өкілдері Қазақстан Республикасы Үкіметі, жұмыс берушілер және жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерімен Бас Келісімге қол қояды. Салалық кәсіподақтар салалық мелекеттік органдар мен жұмыс берушілер одақтарымен салалық (тарифтік) келісімдер жасасады. Облыстық кәсіподақтар бірлестіктері жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер бірлестіктерімен өңірлік келісімдер жасайды.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес және Бас келісімді жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік әріптестік бойынша салалық және аумақтық үшжақты комиссиялар жұмыс істейді. Комиссия қызметінің басты бағыты – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты, еңбекақыны уақытылы төлеуді, оның кемуін болдырмауды, жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктер беруді қамтамасыз ету.

Әлеуметтік әріптестік тараптары еңбек құқықтық қарым-қатынастары бойынша үнемі кеңес беруді ұйымдастырады. Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 188 Конвенциясының 21-ін ратификациялады, олардың 8-і негізгі конвенция. Конвенцияларды ратицикациялау республикамызда үшжақты өкілеттілікті және ұжымдық келіссөздерді қалыптастыру мен дамытуда шешуші рөл атқарды.

Кәсіподақтар Федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары қызметінің тағы бір аса маңызды бағыты – еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселерлеріне баса назар аударуды қамтамасыз ету және күшейту, жұмыс берушілер  мен мемлекеттік органдар алдында жұмыскерлердің құқықтарын қорғау.

Кәсіподақтар заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру арқылы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясатты әрі қарай дамыту мен күшейту мақсатындағы қызметін жалғастыруда. Соның ішінде, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының басымдылығын қамтамасыз ету, жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайын жасауы, түпкі нәтиже ретінде еңбек жарақатын болдырмау көзделген жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың тиімді жүйесін құру уәждемесін жоғарылатуға бағытталған экономикалық шаралар әзірлеу.

Федерацияның басты міндеттерінің бірі – өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру және мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізетін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын кешенді тексерулер барысына қатысатын қоғамдық инспекторлардың рөлін күшейту болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы еңбек инспекторларының саны 18 мыңға жетіп отыр.