“Ауыл кітапханаларының фестивалі” облыстық жобасы аясында шара болып өтті

Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Ел. Кітап. Рух» тақырыбымен “Ауыл кітапханаларының фестивалі” облыстық жобасы аясында шара болып өтті.

Аудандық кітапхананың «Дауыстап оқу бұрышы» жобасының радио торабы арқылы фестивальдің өту бағдарламасы жүріп тұрды. Келген қонақтарды Қали Жантілеуов атындағы балалар саз мектебі домбырашыларының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен қарсылап, Абай ескерткішіне мәслихат хатшысы Закария Жүсүпқалиұлы мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапханасының директоры Шолпан Қуанышқалиқызы гүл шоғын қоюымен жалғасты.

«Атадан қалған асыл мұра» инсталлиялық кітап көрмесі, кітапханашы мамандарға арналған жобалар жәрмеңкесі, көне жәдігерлермен топтастырылған шағын музей, өнер, балалар бөлмесімен, компьютер залы, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ардагерлерге арналған зал, «Жаңақала – күй Астанасы», «Өлкетану» бұрыштарын тамашалап, кітапхананың тұрақты оқырманы, ұстаз Ақмарал Аманқызының шәкірттерінің дайындаған поэзияларын, қуыршақтар қойылымын, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханаларының мерекелік көрмесінің таныстырылымының барлық қонақтар куәсі болды.

Отбасылық шежіре, соның ішінде дәстүрлі туыстық мейірімнің ұзақ уақыт жалғасатын тірлігін бұзбауды насихаттау бағытында «Жеті ата» көрінісі, «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітап көрмесін тамашалаумен жалғасып, әжелеріміз құрақ көрпе құрай отырып, мән-маңызын талдап әңгімеледі. Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Мұқашева «Құрақ көрпе» акциясын жалғауды Тасқала аудандық орталықтандырылған кітапхана директорына ұсынды. Одан әрі жалғасқан кеште аудандық мәслихат хатшысы Закария Жүсүпқалиұлы, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапханасының директоры Шолпан Қуанышқалиқызы мен Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Звайда Бисенқызы құттықтау сөз сөйлеп, тілек білдіріп, жобаның мақсаты жайлы айтып өтті.

«Библиотакси» кітапханалық жобасын аудандық кітапхана меңгерушісі Зара Жардемова, «100 оқырман, 100 ой, 100 пікір» кітапханалық жобасын аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Ақдинаш Утеева, «1001 маржан» кітапханалық жобасын аудандық кітапханашы Айнұр Нұрғалиева, аудандық кітапхана кітапханашысы Райгүл Бисенбиева «Бір ауыл – бір отбасы» жобасын назарға ұсынды.

Шара барысында ұсынылған жоба аясында, кітапхана оқырмандары күмбірлетіп күй тартса, әуелеген әуезді әнді қосыла шырқап, «Қара жорға» биін билеп бір сергіп алды.

Сондай-ақ, жергілікті ақын Закария Сисенғали ағамыздың «Өткен күнде белгі бар…» атты кітабының тұсауы кесіліп, ақынның сөзіне жазылған «Оралым» әнін мәдени-демалыс орталығының әншісі Қуанышбек Айдарбеков орындаса, аудандық балалар кітапханасының үздік оқырманы Римма Рысқалиева «Хамза Есенжановқа арнау» атты өз туындысын оқып, қатысушылардың жылы ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, «Кітапхана интернет кеңістігінде» аудандық кітапхана сайтының презентациясы ұсынылды.

Қазіргі заман кітапханасы –білімнің кәусар бұлағына, оқу өнер ошағына, алып ақпарат орталығына айналып үлгерді. Олай болса еліміз өркендеген сайын руханияттың ордасы кітапханаларымызды дамытып, байытып, заманауи деңгейде өркениет көшіне ілестіру міндетіміз