ana tili, “Ауылын тастап, қалаға кетпейтін еді…”

Биылғы жыл Елбасының Жарлығымен «Жастар жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты мемлекеттік органдар болсын, «Nyr Otan» партиясы болсын, кәсіподақ ұйымдары да бар, әрқайсысы жеке-дара іс-шаралар өткізуде. Дұрыс. Әрбір іс-шараның жастар үшін пайдасы мен берері бар екеніне таласымыз жоқ. Ең бастысы тиісті орындар жастар саясатына ерекше назар аударғаны қуантады. Олар егемен еліміздің келешегі болғандықтан, бұл баянды болашақ үшін жасалып жатқан игілікті іс. Тек жастар жылымен ғана шектеліп қалмай жалғаса берсе игі.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы өткен жылдан бастап еңбек жастары форумын өткізуді қолға алды. Бұл басқосуда жастардың көкейкесті әлеуметтік-еңбек мәселелері кең талқыланып, оны шешудің жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылады. Жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі және уақыт талабына сай кәсіп түрлерін игеруі де өте маңызды екенін кәсіподақ ұйымдары басты назарда ұстап отыр. Білім беру, оқыту, қайта даярлау да жастардың болашаққа нық қадам басуына мол мүмкіндік береді. Кәсіподақтар федерациясы жалынды жастардың ішінен кәсіподақ жетекшілерін іріктеуді де ұмыт қалдырып отырған жоқ. Арнайы оқу орталықтары ашылып, оны тәмамдаған жастар кәсіподақ ұйымдарының жетекшілеріне айнала бастады.
Еліміздегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында кәсіподақтар бірлестігінің ұйытқы болуы­мен біліктілікті көтеру мен мамандарды қайта даярлау оқу орталығы ашылды.
– Онда аспаз, жиһаз жинаушы, ағаш пен қыштан бұйым жасаушы, мата және гобелен ісмерлері, киім пішуші, кілемші, көлік жүргізушісі секілді сегіз мамандық бойынша 226 адам оқытылды. Оның көбі жастар. Бұл жұмыс жалғасып жатыр. Өйткені жастар тарапынан сұраныс бар. Өмір қажет етіп отырған мамандықтарды игергісі келеді. Өйткені, облысты айтпағанның өзінде миллион тұрғыны бар Шымкент қаласының өзінде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жас­тар жетерлік. Соларды көбірек тартып, заманға лайық мамандықтарды игеруіне, жұмыс табуына ықпал жасауымыз керек. Сондай-ақ қазіргі таңда туризм де ең өзекті мәселенің бірі. Бұл жұмысқа да жастардың қызығушылығы басым. Ол үшін елдің, жердің тарихын тереңірек білгені жөн. Сондықтан туризм жұмысын жандандыру мақсатында «ПРОФТУР» орталығы ашылды, — дейді Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжан.
Құптарлық іс, әрине. Бірақ, мұның бәрі қала жастары үшін. Олардың ішінде ауылдан жұмыс іздеп қалаға келген қыз-жігіттердің бар екеніне күмәніміз жоқ. Әңгіме – ауылдарда тұрып жатқан жас­тар туралы. «Олар үшін де мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар қаладағыдай қамқорлық танытса қайтер еді» деген ой ғой біздікі.
Мұны жайдан-жай айтып отырғанымыз жоқ. Біріншіден, осы іске жеткілікті мән берілсе жастардың жұмыс іздеп қалаға қарай ағылуы азаяр еді. Екіншіден, қазақтың алтын бесігі – ауылдарды сақтап қалуға мүмкіндік болар еді. Үшіншіден, қартайған, зейнет жасындағы ата-аналарына алаңдап, қалаға қарай қадам баса алмай отырған жастардың да ертеңгі күнге сенімдері ұлғаяр еді. Төртіншіден, ұрпағының келешегін ойлап, уайым-ойдан түн ұйқысы тыныш болмайтын әке-шешенің де күпті көңілі орнына түсер еді. Міне, бірімен-бірі сабақтас, салалас осындай түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылар еді-ау…
Осы ойларымызға орай бір мысал келтірейін. Түркістан облысы Ордабасы ауданында Қажымұқан ауылы бар. Бұл – бұрынғы кеңшардың бөлімшесі. Аудан орталығы – Темірланмен жалғасып жатқан ауыл. Жауырыны жерге тимеген, атағы алысқа кеткен палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың кесенесі де осы елдімекенде. Күш атасының басына алыс-жақыннан тәу етіп келетіндер көп.
Бұл екі жүзге жуық түтіні бар айрандай ұйыған ауыл. Менің ауылым. Барған сайын байқаймын, ауылдан үдере көшіп жатқан ешкім жоқ. Қайта жер телімін сұрап, сатып алып, үй-жай салып жатқан ағайын көп. Бала-шағасының алысқа кетпей, ағайын-туыстың арасында, қасында болғанын қалайды. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ шығар. Қайта кеңшар тарап кетсе де, бөлімше қалды. Жұрт егін егіп, мақта мен мал өсіріп, бау-бақша баптап, мамыражай күнін көріп отыр. Қалаға қарай ағылған жастардың қатары аз. Әйтпесе миллион қала – Шымкент 40 шақырымда, облыс орталығы – Түркістан 80 шақырым. Барып-келіп жұмыс істеуге де болады. Солай істеп жүргендер де бар. Бірақ жастардың жаппай қалаға қарай бет бұруы байқалмайды. Ауылда бос үй жоқ.
Ауылдың орта тұсында клуб бар. Салынғанына да жарты ғасырдан асып қалды-ау шамасы. Қазір әбден тозығы жетті. Айтайын дегенім бұл емес.
Клубтың артқы жағында тал-терекпен көмкерілген, көлеңке-саясы мол, ауқымы кең волейбол алаңы болатын. Оңтүстіктің ми қайнатар шіліңгір шілдесінде аңқаны кептіретін аптап ыстықтан көлеңке жағалап кететін кездер болады. Бірақ сондай бас айналдыратын ыстыққа қарамастан, әлі күнге дейін көз алдымда, ауылдың үлкен-кішісі клубтың артындағы волейбол алаңынан шықпайтын. Ағалар мен жастар командалары, оқушылар құрамасы ақ тер, көқ тер болып волейбол сайысына қатысатын. Тіпті кей күндері командалар қатары көп болып, жарысты қас қарайып, көз байланғанша аяқтай алмай, ертеңіне қайта жалғастыратынымыз бар еді. Жан беріп, жан алысқан қызу дода. Бір ұпай үшін шыр-пыр болып қаласың. Ауыз толтырып айтатындай алып жатқан жүлдең жоқ, бірақ жарыс үшін жаныңды саласың. Талас-тартысқа толы күндер еді-ау. Бұл – бір.
Осындай спорт алаңдарын қазір де ауылдарда салуға болмас па? Оған соншалықты көп қаражаттың да керегі жоқ. Есесіне жастардың спортқа деген қызығушылығы артар еді. Ауыл әкімдері бар, қоғамдық ұйымдар мен ақсақалдар кеңесі бар, жастар қозғалысы бар, спорт мекемелері бар, осыны бірлесе отырып қолға алса, көп қиындығы жоқ шаруа. Есесіне «Ауыл көңілсіз, еш қызық жоқ» деген әңгімелер тиылар еді. Ауылдастар мен жастардың басын біріктіретін, ұйыстыратын көп істің бірі болар еді.
Екінші – сол уақытта облыс орталығы – Шымкент қаласы болатын. Шаһарда қаптаған өндіріс орындары бар еді. Бәріне де жұмыс күші қажет болатын. Арнайы училищелері бар. Мамандар сонда даярланады. Бір сөзбен айтқанда, қалаға барып жұмыс істеймін деген жастарға жол ашық болатын. Оның үстіне барып-келу қиын емес. Күндіз-түні көлік қатынасы үзілмейді. Соның өзінде қалаға барып-келіп жұмыс істеуді қалаған қатарластарым некен-саяқ. Өйткені олар ауылдың додалы жарыстары мен қызықтарынан қалыс қалып кететінін білгендіктен, алысқа ұзаған жоқ. «Ушы-шуы көп қаладан гөрі күндіз-түні қызығы таусылмайтын ауылда жүргенім артық» дейтін.
Үшінші – ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық деген болмаушы еді. Өйткені, үлкен де, кіші де клубтың маңында жүретін. Күндіз – спорт сайыстары, кешке – кино, концерт. Театр артистері де жиі келеді, клубтың кішкентай сахнасында спектакль қояды. Малын жайғап болған ағайын бала-шағасымен, тайлы-таяғымен клубқа жиналады.
Төртінші – сол уақытта шаруашы­лықтың кәсіподақ, спорт ұйымдары, оның басшылары бар, оларға алақан жаймай-ақ, волейболдың керек-жарағын ортадан ақша шығарып, өзіміз сатып алатынбыз. Алаңды ретке келтіру, құм төсеу жұмыстары да көптің көмегімен, ың-шыңсыз бітетін.
Бұл мысалды айтып отырған себебіміз – «Қазір жастар ауылда тұрақ­тамайды, қалаға қарай қашады» деген әңгіме көп. Бұл – шындық. Көп ауылдарда қарайып қарттар ғана қалды, жастар жайлы жер іздеп, басқа жаққа қоныс аударып кетті. Тіпті тіршілігін тоқтатқан ауылдар да аз емес.
Ал егер ауылдарда жағдай жасалса, жастардың жаппай қалаға қарай ағылуы тоқтар еді, азып-тозған ауылдар азаяр еді. Өйткені, қалаға келген жастардың бәрінің бірдей шекесі қызып жүргені шамалы. Көбі базар жағалап, арба сүйреп жүр. Тапқан-таянғаны тамағынан артылмайды.
Олар үшін ауылда жайлы жағдай жасалса, қала асып несі бар? Жағдай дегеніміз не? Біріншіден, жұмыс орны. Нарық жағдайында ауылда жұмыс жоқ деп айтудың өзі ұят. Төрт түлік бақсаң да, жер қазсаң да – жұмыс. Нәпақаңды айыруға болады. Тек көзін тап. Арланба. Билік осы жағынан көмек беруі керек. Ауыл-ауылды аралап, жұмыссыз жастардың ой-пікірін біліп, қажетті көмек жасалса, жастардың туған жерінен алыстай қоюы екіталай.
Екіншіден, ауылдарда да қалада­ғыдай керемет болмаса да, елді мекендерге лайық демалыс орындарын ашуды ойластырған жөн. Өйткені, жастардың бір уақыт бас қосып, демалыс сәттерін жақсы өткізетіндей жағдай жасамаса болмайды. Әрине, караоке, кинотеатр секілді кәсіпкерлік түрлерін ашу соншалықты табыс әкеле қоймас. Пайданы ойлаған кәсіп­керлердің мұндай қадамға бара қоймайтыны да белгілі. Бірақ, ауылдарды көркейту мен жастардың туған жерде ту тігуін ойласақ, пайданы екінші орынға ысыра тұруға тура келеді. Тіпті жеке­шелендіру кезінде жекенің қолына өтіп, кейін қараусыз қалған клубтар мен мәдениет үйлерін жөндеуден өткізіп, ауылдық әкімдіктердің иелігіне берсе, тұрғындардың бас қосатын орнына айналар еді. Оның үстіне қазір жергілікті жердегі салық өздерінде қалатын болғандықтан, соның есебінен клуб, кітапхана меңгерушілері секілді жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Осыны да ойластырған абзал. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жастарына лайықты жағдай жасаса, олар қалаға кетпейтін еді.

Ғалым ОМАРХАН

Астана