Атыраулық кәсіподақтар кәсіби мерекесін атап өтті

Дәрігер, мұғалім, мұнайшы, теміржолшы, энергетик, құрылысшы, ауылшаруашылық, мәдениет қызметкері, мемлекеттік қызметші – кез келген мамандықтың өкілі оның еңбегі бағаланғанда бойын қуаныш билейді.

Кәсіподақтық жұмысымен кәсіби түрде айналысатын еріктілердің, яғни кәсіподақ жетекшілері мен белсеңділерінің еңбегі назардан тыс қалмай, ҚР Үкіметтің биылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысына сәйкес тұңғыш рет ресми түрде 10 қазан – Кәсіподақтар күні деп белгіленіп, Атырау облысында биыл алғашқы рет ресми түрде аталып өтті.

Облыстық Кәсіподақтар үйінде мерекеге орай салалық кәсіподақтарының өкілдірі мен ардагерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Жиында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов құттықтау сөз сөйлеп, ұйымның өңір экономикасын дамытудағы жетістіктеріне тоқталды. «Атырау өңірінде әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді әлеуметтік әріптестермен біріге отырып шешуде кәсіподақтар қозғалысының алатын рөлі маңызды.

Облыс бойынша 83 мың адамнан астам мүшелігі бар 617 бастауыш кәсіподақтар ұйымы қызмет етеді. Бүгінде Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі әлеуметтік-еңбек саласында маңызды мәселелердің шешіміне (соның ішінде еңбек жағдайларының жақсаруына, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етілуіне, еңбек дауларының алдын алу және шешілуіне) жан-жақты қатысу үшін сараптамалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігі зор» деп атап өтті І.Баймұханов. Сондай-ақ, өңірдің саяси-әлеуметтік жағдайын арттыруға қосқан зор үлестері үшін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төс белгілері мен Құрмет грамоталарын тапсырды.

Сонымен қатар, салтанатты мәжілісте Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағының төраға орынбасары Елена Мустафина, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облысы филиалының төрайымы Жұмазия Есімова республикалық ұйымдарының марапаттарын тапсырды. «Senim» денсаулық жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Майра Қашкенова медицинаның жас мамандарына арнайы көмек көрсету сертификаттарын тапсырды.

Жиын соңы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясының концертіне ұласты.