ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН РЕТТЕУ – ДЕПУТАТТАРДЫҢ ДА НАЗАРЫНДА

«NUR OTAN» партиясының облыстық Мәслихаттағы фракциясының отырысы өтті. Оған партияның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі А. Мырзахметов, облыстың Мәслихат хатшысы Б. Қарашолақов облыстық әкімдіктің басқарма басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары және аудандық партия ұйымдарының жетекші өкілдері қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Мәслихат депутаты, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген халық қалаулылары алдында бүгінгі таңдағы өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерге назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік наразылығын тудыратын бірден-бір мәселе, ол жалақы қарыздары. «Бұл жерде жалақы қарыздарын төлемеген аудандардағы депутаттарға осы мәселені назарда ұстап, партиялық бақылауды күшейту жұмыстарын жандандыру қажет. Жұмыс берушілердің қатарында депутаттар да бар, олар еңбек заңнамаларының сақталуын қадағалауы тиіс»,- деді өз сөзінде М.Төлепберген.

Сонымен қатар тағы бір өзекті мәселе, бұл аймақтағы шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындардағы шетелдік жұмысшылар мен жергілікті жұмысшылардың айлық жалақысындағы диспропорция мәселесі. Аталған мәселені соңғы уақытта сәйкес министрлік өкілдері зерделеп, көп өңірде алшақтық барлығы белгілі болған. Бұл да қоғамның наразылығын тудыруға себепші болатын фактор екені айтылды.

М.Төлепберген көтерген тағы бір мәселе, бұл кәсіпорындар мен ұйымдардағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын тұрақтандырудағы басты құрал – ұжымдық шарттармен қамту деңгейін арттыру болды.

Жалпы алғанда ұжымдық шарты бар кәсіпорындарда әлеуметтік жағдай тұрақты, жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамаларын бұзуға кәсіподақ ұйымдары жол бере бермейді. Ал қазіргі таңдағы Кәсіподақтар Федерациясы ұстанып отырған «Тұрақты кәсіпорын, тұрақты қоғам, тұрақты ел» тұжырымдамасына орай, кәсіподақ ұйымдары бұл мәселелерді ұдайы назарда ұстап отыр.