Еңбекші әйелдер құқығы – кәсіподақтардың басты назарда

Жуырда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Л.К.Рамазанованың төрағалығымен онлайн форматта кездесу өтті.

Онда отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сай облыста атқарылып жатқан істер қаралды. Онлайн кездесуге кәсіподақ өкілдері де қатысты.

Ақтөбе облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, Кәсіподақтар орталығының жанындағы жұмысшы әйелдер ісі жөніндегі Комиссия төрайымы, Қызмет салалық кәсіподағы Ақтөбе ОФ төрайымы М.Сағындықова қатысып әйелдер еңбегіне тыйым салатын кәсіптер тізімін жоюды ұсынды. Елімізде әйел еңбегін пайдалануға тыйым салатын 289 мамандық енгізілген.

“«Әйелдерді қорғау мақсатында жасалынды» делінетін бұл нормалар әйел құқығын керісінше шектеп отыр. Өйткені сырт көзге бұл норма әйелдерге қамқорлық секілді көрінгенмен шын мәнінде әйел құқығын шектеп, кемсіту болып саналады, яғни белгілі бір жұмыстарды әйел адамның істеуіне тыйым салып отыр. Бұл бір жағынан жұмыс берушілерге өте ыңғайлы, өйткені әйел адамның қабілеті мен мүмкіндігі жетіп тұрса да ол жұмысқа әйелді қабылдаудан бас тартуына мүмкіндік береді. Аталған тізімнен Молдова, Өзбекстан, Армения, Грузия және Украина бас тартқан. Ресей Федерациясы да 2021 жылға дейін 450-ден 100-ге дейін түсірмекші”, – деп атап өтті Мухтарита Сағындықова. Сондай ақ, өндірісте ауыр жұмыс істейтін әйелдердің зейнет жасын 55 жасқа дейін түсіруді де ұсынылды. Өз кезегінде Ұлттық Комиссия төрайымы Л.Рамазанова көтеріліп отырған мәселелердің маңыздылығына тоқталды.