Жұмыс беруші атынан әлеуметтік әріптес Кәсіподақтар федерациясынан жәрдемдесуді сұрады

Жіксіз құбырлар шығаратын Қазақстандағы бірегей кәсіпорын – павлодарлық «KSP Steel» ЖШС өндірісті тоқтатуы, ал зауыттың бес мың жұмысшысы жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинмен кездесуде зауыттың Нұр-Сұлтандағы ресми өкілі Мейіржан Кенжебаев мәлімдеді. Кездесу әлеуметтік әріптес пен кәсіпорынның кәсіподақ комитеті төрағасының бастамасымен өтті.

Мейіржан Кенжебаевтың айтуынша, қыркүйектен бастап кәсіпорын мәжбүрлі түрде жұмысын тоқтатып тұр. «Мұның бірнеше себебі бар. Қазір тапсырыстар жетіспейді – бұл, біріншіден. Екіншіден, шикізаттың қымбаттығы әсер етеді. Сонымен қатар, ресейлік өндірушілер тарапынан тұрақты демпинг бар», – деді зауыт өкілі. Әлеуметтік серіктестің сөздерін «KSP Steel» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің төрағасы Сәулеш Аскеева растады. Оның айтуынша, Павлодар зауытында өндірістік цикл толық тоқтаған кезде, өз отбасыларының, бұл шамамен жиырма мың адамның күнкөріс минимумын қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның бес мың қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін.

«Кәсіподақтар федерациясы қарапайым жұмысшылардың құқықтары үшін күресіп жатқанын біле отырып, біз бүгін қолдау табу үшін келдік», – деді Сәулеш Аскеева.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз тарапынан әлеуметтік әріптестерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы әрқашан Еңбек адамының жағында болады. Қазіргі дағдарыс кезінде біз жұмыс берушілерге әлеуметтік әріптестік шеңберінде көмектесуіміз керек», – деді ҚРКФ басшысы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Федерация «KSP Steel» ЖШС кәсіпорнында туындаған мәселелерді зерттейді және бес мың адамнан тұратын еңбек ұжымы мен кәсіпорынның пайдасына жағдайды шешуге қатысты өз ұсыныстарын үкімет атынан әлеуметтік әріптесіне ұсынады.

«Біз әлеуметтік бағдарланған жұмыс берушілерді қолдауымыз керек. Өйткені, әр қызметкердің әл-ауқаты кәсіпорынның өзінің тұрақты жұмысына байланысты», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитеті ұсынған мәліметтерге сәйкес, «KSP Steel» ЖШС кәсіпорны әлеуметтік бағытталған. Ұжымдық шартқа сәйкес, тек осы жылы жұмыс беруші қызметкерлерге 456 млн.теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті, қызметкерлердің тамақ шығындарының 60%-ы да жұмыс берушінің есебінен жабылды. Сонымен қатар, зауытқа жоғары білікті мамандарды тарту және ұстап қалу мақсатында компания 126 пәтерлік екі тұрғын үй салған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі