Қарағандылық мүгедек кеншілер шешімін таппай келе жатқан төлемдер мәселесімен ҚРКФ төрағасына жүгінді

Өндірісте денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдер (кері төлемдер) мөлшеріне наразы қарағандылық мүгедек кеншілер бастамашыл тобының мүшелері  ҚР Кәсіподақтар Федерациясының басшылығымен кездесті. Евгений Архипов пен Иван Штректің айтуынша,    “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы аталған төлемдерді 2015-ші жылы шыққан «Исламдық қаржыландыру және сақтандыру мәселелері»  туралы заңға сәйкес инфляция деңгейінде төлеп отыр.  2015-шы жылға дейін ол   кеншілердің жалақы өсіміне сәйкес  есептеліп келген. Бастамашыл топ өкілдері жәрдемақыны бұрынғыдай жалақы  өсіміне сәйкес алуы тиіс деген ойда.  Себебі төлемдер мөлшері мардымсыз. Бұл үшін заңға өзгерістер енгізу қажет. ҚРКФ-ға осы мәселемен алғаш рет жүгініп отырған бастамшыл топ бұған дейін  түрлі мемлекеттік мекемелерге шыққандарын айтты. «Алайда сот жұмыс берушінің жағына шығып отыр. Алға жылжу жоқ. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттарына бірнеше қайтара жолдаған хаттардан да нәтиже шықпады.  Сондықтан сізден ҚР Бас прокуратурасы, Жоғары Сот өкілдерімен көзбе-көз кездесуге қол ұшын беруіңізді және  осы мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы мен өзге де бізге  қатысты шешімдер қабылданатын инстанцияларда  мүддемізді қорғауды әрі аталған  топтың  жұмысын жандандыруға ат салысуды сұраймыз»,-деді мүгедек кеншілер. Бастамашыл топ өкілдерінің сөзінше, арнайы топтың жұмысы қазір тоқтап тұр.  Сонымен қатар, кездесуде олар кеншілердің зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін де көтерді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Федерация төрағасы мүгедек кеншілерді әлеуметтік қорғау  мәселесі ҚРКФ-ның жақында өткен кезекті съезінде  қабылданған стратегияда  қамтылғанын жеткізді. Атап айтқанда құжатта ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен, алдымен 63-тен 55 жасқа дейін, одан кейін 55-тен 50 жасқа дейін төмендету, сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін талап етілетін жинақтардың мөлшерін азайту сонымен қатар,  жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдер (кері төлемдер) мөлшерін тиісті біліктілігі (лауазымы) бойынша кәсіпорындағы (ұйымдағы) орташа жалақының өсуіне бара-бар деңгейде арттыру, сондай-ақ оны алушының зейнет жасына келгеннен кейін де төлеуді жалғастыру көзделген. Сатыбалды Дәулеталин   мүгедек кеншілерді қорғау мәселесі  ҚРКФ,  Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмысшылардың республикалық бірлестіктері және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісімнің жобасында да қамтылғанын атап өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Бүгінгі өтініштеріңізге келсек, жұмыс тобы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келіссөздер жүргіземіз. Жанайқайларыңыздың Бас Прокуратура мен Жоғарғы Сотқа жетуіне де ат салысамыз сонымен қатар, бұдан былай  заң мен әлеуметтік әріптестік аясында сіздердің мүдделеріңізді қорғайтын боламыз»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

 

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының баспасөз қызметі