Кәсіподақ өкілдері еңбек ұжымына құрмет көрсетті

Ақтөбеде Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы «Рамазан» серіктестігінің ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандарын, бастауыш кәсіподақ мүшелерін марапаттады.

Рамазан серіктестігінің жұмысшылары түгел кәсіподаққа мүше. Серіктестік тәулігіне 14 мыңға жуық бөлке нан шығарады. Қала халқын сапалы нан өнімдерімен қамтып отыр. Өздерінің диірмені бар. Нан зауыты жаңа замануи германиялық және италиялық қондырғылармен жабдықталған. Нан мен тәтті тоқаштарға арналған ұн йод, темір, өзге де пайдалы заттармен нәрлендіріледі. Өнім халықаралық стандартқа сай. Зертханада сапасы тексеріледі.

Осындай іргелі ұжымда еңбек етіп жүрген бір топ кәсіподақ мүшелері Салалық кәсіподақ тарапынан алғыс хаттармен және «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен марапатталды. Ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, жұмыстағы жауапкершіліктері мен тындырымдылығы, еңбекқорлықтары арқасында өз істерінің білгірі атанып, көпке үлгі болып жүрген кәсіподақ мүшелері, аға буын өкілдері, механикалық цехтың бастығы Владимир Когай, зертхана бастығы Клара Таушанова, нан зауытының бастығы Әлия Кубатаева, электроцех бастығы Совхозбай Қуатов, элеватор бастығы Булат Шмановтармен қатар, диірмен технологы Асылан Иманғазин, нан зауытының шеберлері Ольга Кожевникова мен Татьяна Литвиненко, Елена Мигалева кәсіподақ тарапынан марапатталды. “Біз үшін бұл – үлкен мәртебе. Кәсіподақ біздің жылдар бойғы еңбегімізді елеп, ескеріп, жастарға үлгі болсын деп, осындай құрмет көрсетті. Өте қуаныштымыз. Біздің ұжым өте тату. Кәсіподақ тарапынан үнемі қолдау бар”, – деп атап өтті серіктестік жетекшілері.