Жұмыскерлердің бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылады

Елорда әкімдігінің жанынан құрылған “Жанұя” отбасыларды қолдау орталығының қызметкерлері бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға қызығушылық танытып, қалалық кәсіподақтар орталығы өкілдерін кездесуге шақырды.

Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қаласының кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Т.Күнәділов жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасының орындалуы бағытында бастауыш кәсіподақ ұйымын құрудың маңыздылығын атап өтті. Ұйым құрылған жағдайда кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік жағынан да, материалдық жағынан да қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыстың жүйелі болуына, ұжымда оң ахуалдың қалыптасуына ықпал ететінін айтты.

Өз кезегінде “Жанұя” отбасыларды қолдау орталығының ұжымы кәсіподақ туралы толғандырған сұрақтарын қойып, оған толық жауаптарын алды және бастауыш ұйымды құруға ниет білдірді.

Қазіргі таңда орталықта  28 адам еңбек етеді. Өткен жылы құрылған орталықта  елордалық отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек бойынша 12 ұйым 70-тен астам қызмет түрін көрсетеді. Елорда әкімінің ашық қоғамдық қабылдауы жүргізіліп, басқарма басшылары, аудан әкімдері кесте бойынша тұрғындарды қабылдайды.