Әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссия отырысы өтті

13 қазан күні «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы» ҚБ-нің  Қаратал аудандық филиалы мен аудандық білім бөлімі арасында жасалған әлеуметтік әріптестік  жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Оған Қаратал аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаров, заңгер Евгений Гордеев, аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Берік Абақов және комиссия мүшелері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі Келісім-шарттың орындалу барысы және 2020-2021 оқу жылында сала қызметкерлерінің әлеуметтік – еңбек қатынастары, төлемақы, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер туралы мәселелер қаралды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Тәттіғалиұлы жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беру мекемесінде жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары, оқу кабинеттерінің дайындығы және техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуы жайында баяндап, аумақтағы білім ордаларындағы жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасында жасалған ұжымдық шарттың  орындалуы жайында айтты.

Қаратал аудандық филиалының төрағасы Берік Нұртілеуұлы қашықтықтан оқыту жағдайында ұстаздардың апталық жүктемесінің дұрыс бөлінуі жайында сөз қозғады. Сала қызметкерлерін тарификациядан өткізуді бақылауда ұстап, қажетті шараларды уақытында қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар педагогтарға берілетін қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдерге тоқталды.

Әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссия отырысының мүшелері шешім қабылдап, алдағы жұмыстарды нақтылады.

Жиын соңында Қ. Байсеитов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Раушан Базарбайқызы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, Лермонтов атындағы орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Рысты Найманханқызы Алматы облыстық мәслихатының Құрмет грамотасымен, «Балбөбек» балабақша меңгерушісі Махаббат Жұмабекқызы мен №25 балабақша меңгерушісі Алмагүл Қайсарқызы Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталып, бірқатар кәсіподақ белсенділері аудандық кәсіподақ филиалының бағалы сыйлығын иеленді.