Алакөлдік ұстаздармен онлайн-кездесу ұйымдастырылды

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Алакөл ауданындағы ұстаздармен онлайн-кездесу ұйымдастырды.

Бейнебайланыс арқылы өткізілген шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаева, Алматы облысы білім басқармасының экономика және қаржы, бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімінің басшысы А.Маралбаева, облыстық Еңбек инспекциясы бойынша басқарманың құрылыс саласында еңбек заңнамасының бақылау бөлімінің басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы Е. Дәулетұлы және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.

Жиынды Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Төлепбергенов ашып, шараның мақсаты мен міндетін айқындады. Ол қашықтықтан оқыту кезінде ұстаздар тарапынан 450-ден астам арыз-шағымдар түскенін, оның 90 пайызы оң шешімін тапқанын жеткізді. Педагогтардың тегін медициналық тексеруден өтуіне және жылына бір рет берілетін коммуналдық төлемдерге қатысты толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар мұғалімдердің мәртебесін арттыру жолында атқарылатын алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Алакөл ауданының 100-ге жуық ұстазы білім саласына қатысты түрлі сұрақтарын қойып, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес толық жауап берілді.

Дәл осындай шара 16-27 қараша аралығында Алматы облыстық ұйымына қарасты басқа да аудандық, қалалық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өткізіледі. Оның аясында аймақтағы сала қызметкерлеріне құқықтық кеңестер беріледі.