Кәсіподақ билік пен қоғам арасын жақындата түседі

Өздеріңіз білесіздер, ағымдағы жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті 26-шы съезі өткізілді. Онда маңызды құжаттар мен шешімдер қабылданды.

Соның ең бастысы – «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген атаумен 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаның қабылдануы болды. Алдағы 5 жылдыққа құрылған кәсіподақ қозғалысының мақсат-міндеттері барлық салада қызмет етіп жүрген еңбек субъектілерін қамтыған.

Кәсіподақ өмірін белсендендіру, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында азаматтардың өтініштерімен жұмысты күшейту, олардың негізді өтініштері мен заңды талаптарын қанағаттандыру, кәсіподақтардың еңбеккерлермен байланысын нығайту мақсатында шаралар ұйымдастырылмақ.

Аталмыш бағдарламаның ең ерекше тұсы – еңбек адамын әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне көбірек екпін түсірген. Соның ішінде, әлеуметтік кепілдіктер, әлеуметтік көмектер, жалақы мәселесі, ең төменгі жалақыны арттыру, ең төменгі күнкөріс мөлшерін есептеу әдістемесін өзгерту, тұтыну себетінің құрамы мен құрылымын қайта қарау ұсыныстары қамтылған.

Негізінен, әлеуметтік кепілдіктер – еңбек жолында қызметкерді жігерлендіруші бірден бір бағыт деп ойлаймын. Елімізде орын алып жатқан соңғы жағдайлар, денсаулық сақтау саласы мамандарының әл-ауқаты, жалпы еңбек адамының мәселесі дәл осы сөзімнің дәйегі деп білемін.

Ұлы Абайдың «Еңбек – қуаныш, жалқаулық айрылмас азап» деген қанатты асыл сөзі бар. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы әрқашанда осы еңбек адамдарының тірегі болып келді. Жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қорғалуы мақсатында белсенді түрде жұмыстар атқаруда.

Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» ҚБ Қазалы аудандық филиалы тарапынан съезде туындаған міндеттер туралы еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан көлеміндегі мекеме-ұжымдары кәсіподақтың құрамына кіріп, қатары күн санап көбеюде.

Съезде айтылғандай, кәсіподақтардың алдында әлеуметтік әріптестермен бірге күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан ең аз шығынмен шығу және әрбір азаматтың ертеңге деген сенімін сақтау міндеті тұр.

Дана халқымыз «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған» деп өсиет қалдырған. Біз, ынтымағы жарасқан кәсіподақтар «Әділеттілік пен даму жолында» тұрақты жұмыс жасауымыз қажет.

 

Байкубеков Алгашбай Сыдықұлы, Қызылорда облысы «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігі» Қазалы ауданы бойынша төрағасы