You are here

Жарғы

2014 жылғы 23 шілдеде
өзгерістерімен және толықтыруларымен
Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының
XXІІІ съезі бекіткен

 

«Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы»
Республикалық кәсіподақтар бірлестігі
нің
ЖАРҒЫСЫ 

 

І. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

«Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы»  Республикалық кәсіподақтар бірлесігі (бұдан әрі - Федерация) өзге ұйымдастырушылық-құқықтық формада құрылған, коммерциялық емес ұйым  болып табылады. Салалық кәсіптік одақтар мен кәсіподақтардың аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) бірлестіктерін біріктіреді.

Федерация Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және басқа нормативтік құқықтық актілеріне, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормаларына, осы Жарғыға сәйкес жұмыс істейді.

 

2. Федерация өз қызметін өзіне мүше ұйымдардың пікіріне және ерік-жігеріне сәйкес мынандай принциптер негізінде құрады:

- Федерацияға кірудің және одан шығудың еріктілігі;

- қызметтегі дербестік, мүшелердің тең құқылығы, әріптестік, диалог және ынтымақтастық;

- Федерацияның басшы органдарының жұмысындағы алқалылық, сайланбалылық, жариялылық;

- әрбір мүше ұйымдардың пікірін, өз көзқарастарын қорғау және түсіндіру құқықтарын құрметтеу;

- ортақ міндеттерді іске асыруда мүше ұйымдардың татулығы, қолдауы және өзара көмегі;

- Федерация Жарлығын мүшелік ұйымдардың мойындауы және орындауы.

Федерация өз қызметінде мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден және олардың бірлестіктерінен, саяси партиялардан және басқа қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз, оларға есеп бермейді және бақылауында болмайды.  

 

3. Федерация Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа мемлекеттердің кәсіподақтарымен ынтымақтасады, халықаралық кәсіподақтарға және басқа қоғамдық бірлестіктерге кіре алады.

Федерация Қазақстан Республикасының Парламентімен, Қазақстан Республикасының Үкіметімен, Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдарымен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен, әртүрлі саяси партиялармен және қозғалыстармен, басқа да қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Федерацияның міндеттері бойынша мүшелік ұйымдардың жауап бермейтініндей, Федерация да өз мүшелік ұйымдарының міндеттеріне жауап бермейді.

Федерация ынтымақтастық қорларын, кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдауға бағытталған қайырымдылық және басқа қорлар құруға құқылы№

Федерацияның өзінің атауымен мөртаңбасы, мөртабаны, банктік есеп-шоты, бейнелемесі мен атрибутикасы бар.

Федерацияның толық ресми атауы:

- мемлекеттік тілде – Республикалық кәсіподақтар бірлестігі «Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы»;

- орыс тілінде – Республиканское объединение профсоюзов «Федерация профсоюзов Республики Казахстан».

Қысқартылған атауы:

- мемлекеттік тілде – РКБ «ҚРКФ»;

- орыс тілінде –РОП «ФПРК».

Федерацияның тұрған жері: Қазақстан Республикасы, 010000 индексі, Астана қаласы, Алматы ауданы, Абай даңғылы, 38.

 

ІІ. Кәсіподақтар Федерациясының мақсаттары мен қызмет түрлері

4. Өзінің мақсаттарына қол жеткізу үшін Федерация мынадай міндеттерді жүзеге асырады:

- Федерацияға кіретін кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыттары мен стратегиясын әзірлеп, айқындайды;

- Федерацияға кіретін мүше ұйымдардың қызметін біріктіреді және үйлестіреді;

- мүше ұйымдардың мүдделерін биліктің өкілеттік және атқарушы органдарында,  сотта білдіреді;

- әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға;

- жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен Бас келісімді жасасуда әлеуметтік әріптестіктің тарабы болып табылады,  келісім жобасын әзірлеу және жасасу бойынша келіссөздерге қатысады және олардың орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады;

- заң жобаларын әзірлеуге қатысады не тиісті мемлекеттік органдарға еңбекті ұйымдастыру, ақы төлеу және нормалау, бюджет және салық саясаты, жұмыспен қамту, әлеуметтік саясат, жекешелендіру, еңбекті қорғау, кәсіптік аурулар, экологиялық қауіпсіздік мәселелері мен әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты өзге де мәселелер бойынша заң жобаларын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді қарау туралы ұсыныстар енгізеді, еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылау жасауды жүзеге асырады;

- жұмыспен қамтуды, еңбекті және қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, адамның лайықты өмір сүруі мен еркін дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге және қалыптастыруға қатысады;

- заңдар жобаларына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік бағдарламаларға қоғамдық кәсіподақ сараптамаларын жүргізуді ұйымдастырады;

- Қазақстан Республикасы Парламенттің және жергілікті өкілді органдар депутаттарын сайлауға заңнамаға сәйкес қатысады;

- еңбек, жұмыспен қамту мәселелерінде және еңбекшілердің тұрмыс деңгейі мен сапасына қатысты басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелерде мемлекеттік экономикалық және баға саясатының әлеуметтік бағытта болуын талап етеді және соған жәрдемдеседі;

- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік билік органдарымен, жұмыс берушілермен бірлесіп кәсіподақ мүшелерінің және олардың отбасыларының арасында сауықтыру шараларын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі, санаторлық-курорттық емдеу, балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру, туризм, демалыс, мәдениет, бұқаралық дене шынықтыру және спорт шараларын  жүзеге асырады;      

- шетелдік, халықаралық кәсіподақ бірлестіктерімен, және басқа да еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады және мүше ұйымдардың олармен байланысын жолға қоюына жәрдем көрсетеді;

- Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары, азаматтық құқықтар, әлеуметтік-экономикалық және басқа мәселелер бойынша халықаралық шарттарды, конвенцияларды бекітуге, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормаларын заңнамалық бекітілуі мен іске асыруына күш салады;

- ұжымдық еңбек дауларын реттеуге қатысады, қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын және  мүдделерін қорғаудың басқа да тәсілдерін пайдаланады, мүше ұйымдардың ұжымдық іс-қимылдарын үйлестіреді;

- мүше ұйымдарға құқықтық көмек көрсетеді, кәсіподақтардың еңбек инспекцияларына, заңгерлік қызметтеріне және кеңес қызметтеріне жәрдемдеседі, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді;

- кәсіподақтар кадрларының және активін оқытуды, дайындауды, қайта дайындауды, біліктілігін арттыруды ұйымдастырады, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық және кәсіптік оқуына, сонымен қатар медиация бойынша сұрақтарға жәрдемдеседі;

- ақпараттық-насихаттық, мәдени-ағарту және баспа қызметін жүзеге асырады;

- кәсіподақтардың жұмыс тәжірибесін зерделейді және таратады;

- кәсіподақтардың, олардың бірлестіктерінің, сайланбалы кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтары  мен кепілдіктерін  қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.

- кәсіподақтың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етеді;

- кәсіподақтың аумақтық бірлестіктерінің жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен байланыс орнатуға және бекітуге  ықпалын тигізеді;

- экономиканың құрылымына сәйкес және жаһандану процессіне үйлесетін, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының  ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарының көз қарастарына оңтайлы, кәсіподақ қозғалысының  құрылымының құрылуына ықпалын тигізеді;

- қауіпсіз еңбек жағдайы бойынша өндірістік нысандарды аттестациялауға ықпалын тигізеді;

- Федерацияға кіретін кәсіподақтарда бірыңғай кадр және қаржылық саясаттың жүргізуіне ықпалын тигізеді.

 

ІІІ. Федерацияға мүше ұйымдар, олардың құқықтары мен міндеттері

5. Осы Жарғыны  орындайтын және мойындайтын заңды тұлғалар  Федерацияға мүшелік ұйым бола алады:

- кәсіподақтардың кадрларын нығайту, ұйымдастыру-қаржылық жұмысын мақсатты орындау, әлеуметтік-еңбек құқығы мен кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғайтын салалық келісімдер мен ұжымдық келісім-шарттардың қолданыстағы заңнамалардың негізінде  салалық кәсіподақтар,

- кәсіподақтар Федерациясына мүше ұйымдар болып табылатын, кәсіподақтың аумақтық бірлестіктері (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) салалық кәсіптік одақтардың құрылымдық бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі жұмысты жүзеге асыратын, аймақтық келісімдер негізінде  кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы республика өңірлеріндегі олардың қызметін қамтамасыз етуге ықпал ететін  кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері.

Республикалық, аймақтық салалық кәсіптік одақтардың және кәсіподақтардың салалық және аумақтық бірлестіктерінің жарғылары (ережелері) «Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясы» Одағының Жарғысы белгілеген мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келуі қажет. 

 

6. Федерацияның мүше ұйымдары заңды тұлға ретіндегі өзінің дербестігі мен құқықтарын сақтайды, Қазақстан Республикасының Заңына және өз жарғыларына сәйкес іс-қимыл жасайды.

Федерацияға мүше ұйымдар болып табылатын салалық кәсіподақтардың құрылымдық бөлімшелері  кәсіподақтардың   аумақтық (облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) бірлестіктерімен өзара іс-әрекетте болуы тиіс.

 

7. Федерацияға жаңа мүше ұйымдарды қабылдауды Федерация заңды тұлғаның алқалық органының шешімі мен жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырады.

Федерацияға кіретін және өзінің статусын өзгерткен ұйым:

- сайланбалы органның шешімін және Федерацияға кіру туралы жазбаша өтінішті;

- құрылтай құжаттарын (кәсіподақтың, кәсіподақ бірлестігінің жарғысын, тіркеу туралы куәліктің көшірмесін және т.б.),

- кәсіподақ пен кәсіподақтың аумақтық бірлестіктерінің саны туралы статистикалық деректерді;

- өзінің сайланбалы органдары тұратын жерді;

Федерация Жарғысын орындайтындығы, жарналарды төлейтіндігі туралы міндеттемесін табыс етеді.

 

8. Федерацияға мүшелік мына жағдайларда тоқтатылуы мүмкін:

- мүше ұйымның өзінің Федерациядан шығатындығы туралы өкілетті органының шешімі бойынша;

- мүше ұйым тараған, таратылған жағдайда;

- мүше ұйымды кәсіподақтар Федерациясының құрамынан шығаруға байланысты.

Бас Кеңеске өтініш берген сәттен бастап бір ай мерзім өткеннен кейін мүше ұйым Федерациядан шығарылды деп саналады. Көрсетілген мерзім өткенге дейін мүше ұйым осы Жарғыға сәйкес өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруды жалғастыра береді.

Өз қызметін тоқтату (тарату туралы) шешім қабылдаған мүше ұйым бұл жайында Федерацияның Атқару Комитетіне хабарлаған сәттен бастап Федерацияға өзінің мүшелігін тоқтатқан болып есептеледі.

Федерацияның Жарғылық талаптарын сақтамайтын, оның жоғары және басшы органдарының шешімдерін орындаудан жүйелі түрде жалтаратын, Федерацияның және оған кіретін мүше ұйымдардың мүдделері мен мақсаттарына нұқсан келтіретін, сондай-ақ белгіленген мөлшердегі мүшелік жарнаны дәлелсіз себеппен аудармайтын мүше ұйымдардың Федерация қызметіне қатысуы туралы мәселені Федерацияның  Бас Кеңесі шешеді.

Мүше ұйымның басшысы және мүше ұйымнан жіберілген Бас Кеңестің басқа мүшелері Федерацияның Жарғысын бұзғаны және алты ай бойына белгіленген тәртіпте мүшелік жарнаны төлемегені үшін алты айға Бас Кеңесте, Атқару Комитетінде дауыс беру құқығынан айырылуы немесе Бас Кеңестің, Атқару Комитетінің құрамынан шығарылуы мүмкін. Егер мүше ұйым белгіленген мерзім ішінде көрсетілген кемшіліктерді жоймаған және қарыздарды өтемеген жағдайларда, оның Федерация қызметіне қатысуы туралы мәселені Бас Кеңес шешеді.

Мүше ұйым кемшіліктерді жойған жағдайда Атқару Комитеті олардың Бас Кеңесте, Атқару комитетінде мүшелігін, ал мүше ұйымның Федерация құрамында қалу құқықтарын қалпына келтіру мәселесін Бас Кеңеспен бекітілуін қарайды.

Мүше ұйым кемшіліктерді жойған жағдайда Атқару Комитеті осы мүше ұйым басшысының және басқа да өкілдерінің дауыс беру құқығын қалпына келтіруді қарайды.

Мүше ұйымды Федерациядан, сондай-ақ егер ол құрылтайшы болып табылса, оның құрамынан шығару туралы шешімді көрсетілген  негіздерде Бас Кеңес қабылдайды және кворум болған жағдайда, отырысқа қатысып отырған Бас Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екі бөлігі жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған болып саналады.

Федерацияға мүшелігін тоқтатқан мүше ұйымдардың Федерация меншігіне, сондай-ақ төлеген мүшелік жарналарына және өздері Федерацияға берген мүлікке құқықтары  болмайды.

 

9. Федерацияға мүше ұйымдардың:

- Федерация органдарында өз ұйымдары және кәсіподақ мүшелері атынан өкілдік етуге, өз өкілдерін осы органдарға  жіберуге және сайлауға, оларды кері шақырып алуға және ауыстыруға;

- қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек  құқықтарына қатысты заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларына Федерация ұсыныстарын әзірлеуге қатысуға;

- Бас келісім жасау және бекіту жөніндегі Федерацияның қызметіне  ұсыныстар енгізуге және қатысуға;

- кәсіподақ қызметінің жарғылық мәселелері бойынша Федерация органдарына жүгінуге және тиісті ақпараттар, консультациялар мен көмек алуға, мемлекеттік органдарда өз құқықтары мен мүдделерін құқықтық қорғауға;

- шетелдік және халықаралық кәсіподақ бірлестіктерімен, Халықаралық Еңбек Ұйымымен байланыстарды жүзеге асыруда Федерация органдарының жәрдемін  алуға;

- түрлі бағдарламалар әзірлеуге және Федерация қорларын құруға  қатысуға;

- Федерация съездерінің, конференциялары мен сайланбалы органдарының қарауына жобалық құжаттарды енгізуге;

- кәсіподақ кадрлары мен активтерін оқыту, ақпаратты алу және тарату үшін Федерацияның мүмкіндіктерін пайдалануға;

- Федерация нышандарын бекітілген Ережеге сай қолдануға құқығы бар.

 

10. Федерацияға мүше ұйымдар:

- Федерацияның Жарғысын, ішкі кәсіподақ тәртібін сақтауға, Федерация органдарының шешімдерін орындауға және олардың орындалуына жауапты болуға;

- Федерацияның қызметіне қолдау көрсетуге және оның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға белсене қатысуға, Федерацияға мүше ұйымдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда ынтымақтастық танытуға;

- Федерацияға мүшелік жарналарды белгіленген тәртіпте, мерзімінде және мөлшерде төлеуге;

- Федерацияның, басқа мүше ұйымдарының қызметіне зиян келтіретін және кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақтар Федерациясынан, салалық кәсіптік одақтардан, сондай-ақ өлкелік кәсіподақтар бірлестіктерінен жекешелейтін кез келген шараға бармауға;

- алдын ала өзара келіспей бастауыш кәсіподақ ұйымдарының локальды кәсіподақтардан бірінен басқасына   өтуіне жол бермеуге;

- өз жарғыларындағы, ережелеріндегі енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және басшы кадрлар құрамындағы өзгерістер туралы өзгерістер енгізілгеннен кейінгі жеті жұмыс күні ішінде Федерацияға хабарлауға;

- кәсіподақ мүшелерінің саны,  Федерация мүшелік және өзге жарналарды есептеу мен төлеуге байланысты қаржылық есеп туралы статистикалық мәліметтерді, басқа да ақпаратты Федерация органдары белгілеген көлем мен тәртіпте Федерацияға ұсынуға;

- Қазақстан Республикасының Парламенті мен жергілікті өкілді органдар депутаттарын сайлауға қатысу, саяси партиялармен және қозғалыстармен шарттар мен келісімдер жасасу, халықаралық кәсіподақ бірлестіктеріне кіру және одан шығу туралы Федерацияға хабарлауға;

- кәсіподақ кадрларын іріктеу, орналастыру мен оқыту, олардың кадр резервін жасақтау жөнінде Федерациямен консультациялар, бірыңғай кадрлық саясатын жүргізуге;

- Федерация органдары ұсынған мәселелерді алқалық органдарда қарауға;

- Бас келісімнің жасалуына және орындалуына жәрдемдесуге;

- кәсіподақтардың ұжымдық іс-қимылдарын Федерацияның ұйымдастыруы мен жүргізуіне ынтымақтастық танытуға және оған қатысуға;

- Федерацияға және оған кіретін мүше ұйымдардың мүдделеріне қысым жасайтын іс-қимылдарға жол бермеуге;

- Федерация құрған бұқаралық ақпарат құралдарына қаржылай және басқа қолдау көрсетуге;

- өз қызметі туралы Федерацияға мағлұмат беруге міндетті. 

Осы міндеттер орындалмаған жағдайда Федерацияның Атқару комитетінің мүше ұйымға тиісті ұсыныс енгізуге құқығы бар. Мүше ұйымның сайланбалы органы ұсынысты қарап, бір ай мерзімде Федерацияның Атқару комитетіне хабарлауға міндетті.

 

ІV. Салалық кәсіптік одақтардың және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің өзара іс-әрекеттері

11. Салалық кәсіптік одақтар және кәсіподақтардың аумақтық (облыс,республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) бірлестіктері өздерінің тәжірибелік қызметінде өзара тығыз іс-әрекетте болады;  осы Жарғының шеңберінде:

- кәсіподақ кадрларын іріктеу мен оқыту, олардың резервін жасақтау жөнінде бірлесіп жұмыс жүргізеді; кәсіподақтар Федерациясының съездеріне, конференцияларына делегаттарды, кәсіподақ органдарының басшы лауазымдарына сайлау үшін кандидатураларды өзара келіседі;

- кәсіподақтың бастауыш ұйымдарына, Федерация құрамына кіретін локальды кәсіподақтарға, кәсіподақтың жергілікті органдарына ұжымдық келіссөздер жүргізуде, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасауда; туындаған еңбек дауларын шешуде жәрдем көрсетеді;

- кәсіподақ ұйымдарына тәжірибелік, ұйымдастырушылық, әдістемелік, құқықтық көмекті бірлесіп көрсетеді;

- тиісті аумақта бірыңғай заңгерлік кеңестерін, кәсіподақтар инспекцияларын құруға шаралар қабылдайды, ынтымақ, жұмыссыздарға көмек қорларын құруға жәрдемдеседі;

- аймақтық мәселелерді бірлесіп және келісіп шешу, жергілікті атқарушы органдармен және жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті жолға қою, кәсіподақ қызметкерлері мен кәсіподақтар мүшелерін әлеуметтік қорғау мен өзара қолдау үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында  қалалар мен аудандарда жергілікті кәсіподақ өкілдерінен кәсіподақтардың аумақтық бірлестігін құруға ықпал етеді;

- бастауыш ұйым құруға, кәсіподақ ықпалын нығайтуға және сала мен аймақты дамытудың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын іске асыруға, Федерация  органдарының шешімдерін, басқа да жалпыфедерациялық іс-шараларды орындауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

- кәсіптік одақтардың және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда бірлескен акциялар өткізеді.

 

V. Федерация органдары

12. Съезд Федерацияның жоғары органы болып табылады, оны Федерацияның Бас Кеңесі кемінде бес жылда бір рет шақырады. Съезді шақыру мен оның болжамды  күн тәртібі туралы съезге екі ай қалғанға дейін   хабарланады. Съезге делегаттардың өкілдік нормасын Федерацияның Бас Кеңесі белгілейді.

Федерацияның Бас Кеңесі Федерацияның басшы органы болып табылады.

Федерацияның Атқару Комитеті Алқалық атқарушы орган болып табылады.

Федерация төрағасы атқарушылық-басқарушылық функцияларын іске асырады.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының Тексеру Комиссиясы Федерацияның бақылау-тексеру органы болып табылады.

 

13. Федерация Съезі:

- Федерация Бас Кеңесінің және Федерацияның Тексеру комиссиясының қызметі туралы есептерді тыңдайды;

- Федерацияның Жарғысын, Тексеру комиссиясы туралы ережені, оларға өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді. Съезд  осы құқықты  Бас Кеңеске арнайы ресімделген өкілеттілік бойынша беруге құқылы;

- Федерация   қызметінің кезектегі міндеттері мен стратегиясын айқындайды;

- Федерация төрағасын, Федерацияның Тексеру комиссиясын сайлайды;

- Федерацияның Бас Кеңесінің құрамын бекітеді;

- ел өмірінің, мемлекеттік органдар қызметінің, кәсіподақтар қозғалысының аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер, қарарлар, мәлімдемелер, үндеулер қабылдайды;

- осы Жарғыны қолдану мәселелері бойынша арыз-шағымдарды қарайды;

- Федерацияны қайта ұйымдастыру, қызметін тоқтату және оны тарату туралы шешімдер қабылдайды.

 

14. Егер мүше ұйымдардың кемінде үштен екісі болса және олардан сайланған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысса, Съездің құқықтық күші бар деп есептеледі.

Кворум болған жағдайда, дауыс беруге қатысқан делегаттар дауысының жартысынан астамы берілсе, Съездің шешімдері қабылданды деп есептелінеді, Съезд шешімдерін қабылдаған кезде дауыс берудің тәртібін делегаттар айқындайды.

 

15. Федерацияның кезектен тыс съездерін Федерацияның Бас Кеңесі шақырады немесе мүше ұйымдардың кемінде үштен бірі алқалық органдардың талабы бойынша шақырады.

Кезектен тыс съезд шақыру туралы шешім және оның болжамды күн тәртібі бір ай бұрын хабарланады.

 

16. Федерацияның Бас Кеңесі Федерацияның съезінде тікелей өкілеттер жіберу принципі бойынша бекітіледі.  Бас Кеңестің құрамына Федерацияның барлық мүше ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ 30 мыңнан асатын кәсіподақ мүшесі бар салалық кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді:

Бас Кеңеске сонымен қатар кәсіподақтар Федерациясының әйелдер істері жөніндегі Комиссиясының төрағасы және кәсіподақтар Федерациясының жастар Кеңесінің төрағасы кіреді.

 

17. Федерацияның Бас Кеңесі:

- Федерацияның осы Жарғыда белгіленген мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды қамтамасыз етеді;

- съездердің шешімдері мен жарғылық міндеттерді орындау, кәсіподақтар мүшелері мен мүше ұйымдардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметтің негізгі бағыттарын әзірлейді;

- өз қызметі туралы Съезд алдында есеп береді;

- жұмыс берушілердің жалпыреспубликалық бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісімнің негізгі ережелерін белгілейді;

- кәсіподақтар Федерациясының Мүлік және активтер басқармасының есебін тыңдайды және бекітеді;

- Федерацияға мүше ұйымдардың жарналарды аудару тәртібін белгілейді, сайланбалы кәсіподақ қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне қатысты ұсыным құжаттарды қабылдайды,

- кәсіподақтар Федерациясының меншігін иелену, пайдалану және оған иелік ету тәртібін белгілейді;

- Федерацияға мүшелік жарналар мен өзге де ақшаны есептеуге  және төлеуге байланысты қаржылық есептілік көрсеткіштерін, мүше ұйымдар ұсынатын  статистикалық деректер тізбесін айқындайды;

- Федерация төрағасының ұсынуы бойынша кәсіподақтар Федерациясының Атқару комитетін сайлайды;

- Жарғы және Федерация органдарының шешімдерінің орындауы туралы Федерация басшыларының есептері мен мүше ұйымдардың ақпараттарын тыңдайды;

- Федерацияға жаңа мүшелер қабылдау, мүше ұйымдарды одан шығару және олардың шығуы, Федерацияның сайланбалы органдарының отырыстарында мүше ұйымдар басшысын және олардың өкілдерін дауыс беру құқығынан уақытша айыру және оларды Бас Кеңестің құрамынан шығару,  сондай-ақ осы шешімдердің күшін жою туралы мәселелерді қарайды;

- кәсіподақтар Федерациясы төрағасы қызметіне кандидатураларды ұсыну тәртібін айқындайды;

- съездер аралығындағы кезеңде Федерация төрағасын сайлайды және қызметінен босатады;

- съезде бекіту үшін Федерация Жарғысына және Тексеру комиссиясы туралы ережеге  өзгерістер мен толықтырулар туралы ұсыныстар жасайды;

- салалық кәсіподақтардың және аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) кәсіподақтар бірлестіктерінің Типтік Жарғысын бекітеді;

- Федерацияда есеп беру-сайлау науқанын өткізу туралы шешім қабылдайды;

- кәсіподақтар Федерациясының филиалдары мен өкілдіктерін ашу туралы шешім қабылдайды;

- кәсіподақтар Федерациясының рәміздерінің сипаттамасы мен эскиздерін бекітеді;

- мүше ұйымдар мен Федерация съезі берген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

 

18. Федерацияның Бас Кеңесі  қажеттігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырылады және  егер оған Бас Кеңестің дауыс беру құқығы бар мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.

Бас Кеңестің шешімдері, егер Жарғыда өзгеше көзделмесе, отырысқа қатысқан мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. 

 

19. Кәсіподақтар Федерациясының Бас Кеңесі өзінің отырыстарының арасындағы жұмысқа басшылық жасау үшін Федерацияға мүше ұйымдардың басшылары қатарынан Атқару комитетін (бұдан әрі - Атқару комитеті) сайлайды.

Атқару комитетінің құрамына лауазымы бойынша Федерация төрағасының орынбасарлары кіреді, олардың саны Атқару комитетіндегі жалпы мүшелердің санының үштен бірінен аспауы тиіс.

Мүше ұйымның басшысы Атқару комитетінің мүшесі болуы мүмкін, ол Федерация қызметіне мүшелік жарналарды уақытылы әрі толық көлемде төлейді, Федерация органдарының шешімдерін орындайды.

Атқару комитеті Федерацияның Бас Кеңесіне есеп береді. 

 

20. Атқару комитеті:

- Федерация Жарғысының нормалары мен талаптарын, Съездің және Бас Кеңестің шешімдерін орындауды қамтамасыз етеді;

- Федерацияға жаңа мүшелерді қабылдау, мүше ұйымның одан шығарылуы мен шығуына, сондай-ақ Бас Кеңестің кейінгі бекітілген шешімімен осы шешімдердің күшін жою туралы сұрақтарды қарастырады;

- Федерацияның сайланбалы органдарының отырыстарында мүше ұйымның басшысы мен өкілдерін дауыс беру құқығынан уақытша айыру және оларды Бас Кеңестің (Атқару Комитетінің) құрамынан шығару туралы сұрақтарды шешеді.

- кәсіподақтардың жалпыреспубликалық іс-шараларын өткізеді;

- Қазақстан Республикасының Үкіметімен және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерімен Бас келісімнің негізгі ережелерін айқындайды;

- Үкіметтік, ведомстволық комиссияларда және жұмыс топтарындағы  Федерацияның сенімді өкілдерінің құрамын бекітеді;

- Федерацияның Бас Кеңесін шақырады, күн тәртібінің жобасын және оны өткізетін жерді белгілейді,

- Кәсіподақ кадрлары мен активін оқыту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады және үйлестіреді;

- Федерация төрағасының ұсынысы бойынша Федерацияның құрылымын, штат кестесін бекітеді, құрылымдық бөлімшелер мен Федерация құрған ұйымдардың басшылығына кандидатураларды қарайды; 

- кәсіподақ қызметкерлерінің және белсенді қатысушыларды мемлекеттік және басқа наградалармен наградтау туралы белгіленген тәртіппен өтініш-тілек білдіреді, кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелерін кәсіподақ Федерациясының Құрмет грамоталарымен, дипломдарымен және басқа ерекшелік белгілерімен марапаттайды;

- Федерация баспа органының жұмысын ұйымдастырады, Федерация төрағасының ұсынуы бойынша баспа органының бас редакторын тағайындайды;

- Федерацияның аппараты мен кәсіподақтың аумақтық бірлестіктерінің (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде) аппаратын ұстау, одақаралық және халықаралық қызметін жүргізуге арналған шығыс сметасын бекітеді;

- басқа елдердің кәсіподақ ұйымдарымен халықаралық байланысты дамытады, олардың қызмет тәжірибесін зерделейді; Федерацияның халықаралық кәсіподақ бірлестіктеріне мүшелігі туралы шешім қабылдайды;

- Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттық топтарымен, фракцияларымен өзара іс-қимыл жасайды, олармен бірлескен іс-шаралар жоспарларын белгілейді;

- Қазақстан Республикасының Үкіметімен және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен Бас келісімді, басқа келісімдерді жасасу жөнінде ұсыныстар дайындайды; олардың мазмұнының Федерацияға  мүше ұйымдардың мүдделеріне сәйкес келуіне қол жеткізеді, олардың орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады;

- комиссияларды және басқа тұрақты немесе уақытша жұмыс органдарын құрады, оларға өкілеттіктер береді, олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейді;

- Жарғы және Федерация органдарының шешімдерінің орындауы туралы Федерация басшыларының есептері мен мүше ұйымдардың ақпараттарын тыңдайды;

- мүше ұйымдардың, олардың органдарының Бас Кеңестің және кәсіподақтар Федерациясы Атқару комитетінің қаулыларына қайшы келетін шешімдерінің күшін жою, іс-әрекетін тоқтата тұру туралы мүше ұйымның сайланбалы органына ұсыныстар енгізеді;

- Федерация міндеттерін шешуде мүше ұйымдарды  біріктіреді және қызметін үйлестіреді, кәсіподақтардың жалпыреспубликалық шараларын өткізеді;

- мүше ұйымдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінде мүдделеріне өкілдік етеді және қорғайды; 

- бюджет және салық саясатына, еңбек қатынастарын реттеуге, жұмыспен қамтуға, жалақыға, еңбек жағдайы мен оны қорғауға, қоршаған ортаға, тұрғын үй-тұрмыстық және мәдени қызмет көрсетуге, қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктерге қатысты ұсыныстар тұжырымдайды және мәселелердің заңнамада және өзге нормативтік құқықтық актілерде бекітілуіне және қол жеткізеді;

- мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды әзірлеуге және қалыптастыруға қатысады және оларды іске асыруға жәрдемдеседі;

- қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәсіподақтардың бұқаралық акцияларын, оның ішінде жиналыстар, митингілер, көше шерулері, демонстрациялар, тосқауылдар және басқа ұжымдық іс-қимылдар, ереуілдер өткізуге ықпал етеді;

- Федерация төрағасының ұсынуы бойынша Федерация төрағасының орынбасарлары мен кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктерінің басшыларын сайлайды және қызметтен босатады;

- мүше ұйымдар мен кәсіподақ мүшелеріне өз қызметі туралы тұрақты түрде хабарлап отырады;

- комиссияларды және басқа тұрақты немесе уақытша жұмыс органдарын құрады, оларға өкілеттіктер береді, олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейді;

- Федерацияға мүше ұйымдардың арасындағы дауларды шешуге жәрдемдеседі;

- кәсіподақтар Федерациясының филиалдары мен өкілдіктерін ашу туралы шешім қабылдайды;

- Федерация мүлкіне иелік ету, пайдалану, иелену  тәртібін айқындайды;

- Федерацияда есеп беру-сайлау кампаниясын өткізу туралы шешім қабылдайды;

- Федерацияның Бас Кеңесі берген басқа да функцияларды орындайды.

 

21. Атқару комитетінің отырыстары қажетіне қарай, бірақ кемінде үш айда бір рет шақырылады.

Атқару комитетінің  отырыстарына оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, Атқару комитетінің қаулы қабылдауға құқығы болады.

Атқару комитетінің шешімдері, егер Жарғыда өзгеше көзделмесе, оның отырысына қатысушы мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.

Қажет болған жағдайда Атқару Комитетінің шешімдері сұрау арқылы қабылданады. Атқару Комитеті мүшелерінің пікірлері жазбаша түрде баяндалады.

 

22. Федерация төрағасы:

- Жарғының, Съезд, Бас Кеңес, Атқару комитеті шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

- Съезге, ал съездер аралығындағы кезеңде – Бас Кеңеске есеп береді;

- Федерацияның Бас Кеңесіне, Атқару комитетіне  басшылық жасайды;

- мемлекеттік органдарда, жұмыс берушілердің бірлестіктерінде, қоғамдық бірлестіктерде, өзге де ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының атынан өкілдік етеді;

- қажет жағдайларда мәлімдеме жасайды, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының атынан  үндеулер және өтініш-тілектер жолдайды;

- Атқару комитеті мүшелерімен келісім бойынша кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің бірлестіктерімен, атқарушы органдармен, халықаралық және басқа да ұйымдармен  келісімдер жасайды;

- Бас Кеңес, Атқару комитеті белгілеген шекте Федерацияның мүлкі мен ақшасына иелік етеді;

- Федерация төрағасының орынбасарлары мен кәсіподақтың аумақтық бірлестіктерінің басшыларын сайлау және қызметтен босату туралы Атқару Комитетіне ұсыныстар енгізеді;

- Федерацияға мүше ұйымдар басшыларының сайланбалы лауазымдарына кандидатураларды ұсынуы мүмкін;

- Жарғыны бұзғаны үшін қажет жағдайда кәсіподақтардың сайланбалы органдарына лауазымды адамдарды жауапқа тарту, қызметтен босатуға дейінгі  ұсыныстар енгізеді;

- Федерация төрағасы мен төрағаның орынбасарларының арасындағы өкілеттіктер мен міндеттердің бөлінуін бекітеді;

- Федерация аппаратына жалпы басшылықты жүзеге асырады, құрылымдық бөлімшелердің басшыларын тағайындайды, олардың функцияларын белгілейді, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау мен босатуды, оларды моральдық және материалдық көтермелеу шараларын жүзеге асырады;

- өкімдер шығарады, Федерация атынан сенімхат береді және Федерация төрағасы орынбасарларының оларды беру тәртібін белгілейді;

- өз қызметі туралы мүше ұйымдар мен кәсіподақ мүшелерін үнемі хабардар етіп отырады;

- оған Бас Кеңес және Атқару комитеті берген өзге де   функцияларды орындайды.

Федерация төрағасы лауазымы бойынша Федерация съезінің делегаты, Бас Кеңестің және Атқару комитетінің мүшесі болып табылады, олардың отырыстарын жүргізеді. Федерация төрағасы орнында болмаған кезде оның тапсыруы бойынша отырыстарды Федерация төрағасының орынбасары жүргізеді.

 

23. Съездер аралығындағы кезеңде Федерация төрағасын өзінің бастамасы бойынша, сондай-ақ Жарғыға қайшы келетін іс-қимылы үшін қызметінен босату туралы шешімді Бас Кеңес қабылдайды. Федерация төрағасын қызметінен босату және Федерацияның жаңа төрағасын сайлау туралы шешім, егер Бас Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

 

24. Федерация төрағасының  орынбасарлары лауазымы бойынша  Федерация съезінің делегаты болады, Бас Кеңестің және Атқару комитетінің құрамына кіреді.

Федерация төрағасы орнында болмаған кезде, оның өкілеттігін Федерация төрағасының тапсыруы бойынша Федерация төрағасы орынбасарларының бірі жүзеге асырады.

 

25. Федерацияның Тексеру комиссиясы Федерацияның өзі құрған ұйымдардағы қаржы-шаруашылық қызметіне, мүшелік жарналардың және басқа ақшаның есептелуі мен түсуіне, ақшаның дұрыс жұмсалуына, кәсіподақтар Федерациясы мүлкінің пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыратын бақылау – тексеру органы болып табылады.

Федерацияға мүше ұйымдардың өкілдерінен Съезде Тексеру комиссиясы сайланады, өз қызметінде Съезд бекітетін Тексеру комиссиясы туралы ережені басшылыққа алады.

Тексеру Комиссиясының төрағасы тексеру Комиссиясының отырысында копшилик дауыспен сайланады, лауазымы бойынша Федерация съезіне делегат болып табылады, Бас Кеңестің және Атқару комитетінің жұмысына кеңесші дауыс құқығымен қатыса алады.

 

 

VI. Федерацияның меншігі және қаржылық қызметі

26. Федерация:

- Жалпыға бірдей Кәсіподақтар Конфедерациясы Атқару комитетінің «Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының Кеңесіне кәсіподақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын бекітіп беру туралы» 1992 жылғы 22 қыркүйектегі №2-146 Қаулысына сәйкес Қазақ Республикалық кәсіподақтар кеңесінен (Қазкәсіподақ кеңесінен) құқықтық мұрагерлік тәртібімен алған мүліктің;

- кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістің;

- заңнамада тыйым салынбаған  көздерден құралған мүліктің  иесі болып табылады.

Федерация өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап береді.

Федерация мүлкінің құралу көзі:

- заңнамалық актілерге сәйкес ақшадан және өзге де нысандағы Федерация мүлкі;

- мүше ұйымдардың аударымдары, оның ішінде кәсіподаққа мүшелік жарналар;

- ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;

- заңнамада белгіленген жағдайларда  тауарларды сатудан, жұмыстарды, қызметтерді атқарудан түскен түсім (кірістер);

- акциялар, үлестер, облигациялар, басқа да құнды қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынған дивиденттер (табыстар, сыйақылар);

- заңда тыйым салынбаған басқа да түсімдер.

Мүше ұйымдардан  түскен қаржы және басқа да қаражат   түсімдерінің тәртібі Федерацияның құрылтайшылық құжаттарымен белгіленеді.      

Қызметтің кез келген түрінен алынған кірістер жарғылық мақсаттарға жұмсалады.

 

27. Федерацияның мүлкі Федерацияның өзі құрған және алған немесе оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен берілген жылжымайтын, жылжымалы және өзге мүлікті қамтиды.

 

28. Кәсіподақтар Федерациясының мүлкі оған жеке меншік құқығында тиесілі болады.

Федерация өзіне тиесілі мүлікке қатысты заңнамаға қайшы келмейтін кез келген іс-қимылды өз қалауы бойынша жүзеге асыруға, мүлікті пайдалануға, кепілге беруге, басқаша түрде иелік етуге құқылы.

Федерация кәсіпкерлік қызметті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға құқылы.

Федерация мүлкі қызметінің нәтижесін  Федерация жыл сайын өз баспасында жариялайды

Мүлікті иеленудің, пайдаланудың және оған иелік етудің тәртібін Федерацияның Бас Кеңесі айқындайды.

 

29. Федерацияның мүшелік ұйымдары Федерация мүлкін пайдалануға және оларды игеруге қатысуға құқы бар.

Федерацияның Бас Кеңесі меншігіндегі мүлік пен мүлік сұрақтарын құқықтық реттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сай және Федерация съезінің шешімімен бекітеді. 

 

30. Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясы кәсіподақтың мүшелік жарналарын аударудың бірыңғай тәртібі белгілейді. 

Федерацияның ақшасы бекітілген смета негізінде жұмсалады және жарғылық қызметті жүзеге асыруға, республикалық, аймақтық кәсіподақ шараларын және басқа шараларды өткізуге, заң жобаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық сараптамалық бағалау ұйымдастыруға, заңгерлік, консультациялық көмек көрсетуге, ақпараттық және әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруға, кәсіподақ қызметкерлері үшін жалпы әлеуметтік, зейнеткерлік қорын құруға, кәсіподақ кадрлары мен активін оқытуға, республикалық жалпыкәсіподақтық газет шығаруға және басқа жарғылық қызметке бағытталады.  

Кәсіподақтардың аумақтық (облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде) бірлестіктері Федерация есебінен қаржыландырылады.  

Федерация қызметіне салалық кәсіподақтардың мүшелік жарналарды аудару мөлшері 1 пайыз және аумақтық бірлестіктер қызметіне олардың жалпы түсімінің 1 пайызы.

 

31. Федерацияның дербес балансы, банктік, соның ішінде валюталық шоттары болады. 

 

VІІ. Федерация Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің тәртібі

 32. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар Федерацияның съезінде енгізіледі. Съездер аралығындағы кезеңде Съезд арнайы ресімдеген өкілеттіктер бойынша Федерацияның Бас Кеңесі ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. 

 

VІІІ. Федерацияның қызметін тоқтатудың және қалған мүлкін пайдаланудың тәртібі

33. Федерацияның қызметі заңнамалық тәртіппен Федерация Съезінің шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.

 

34. Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясын тарату не қайта ұйымдастыру туралы шешімді Съезд қабылдайды.  Кворум болған жағдайда дауыс беруге қатысқан делегаттардың кемінде үштен екісі жақтап дауыс берсе,   шешім қабылданды деп есептеледі. 

Съездер аралығындағы кезеңде кәсіподақтар Федерациясы Бас Кеңесінің, оны кейіннен Съезде бекіте отырып, Федерацияны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдауға құқығы бар. 

Федерацияны тарату туралы шешім қабылданған жағдайда Съезд немесе Федерацияның Бас Кеңесі тарату комиссиясын тағайындайды. 

Федерацияның мүлкі, барлық есептеулер жүргізіліп, кредиттерді, несиелер мен олар бойынша өсімдерді қайтарып және басқа міндетті төлемдерді өтегеннен кейін, Съезд шешімімен белгіленген мақсаттарға жұмсалады.

 

ІX. Қорытынды  ережелер

35. Федерация заңды тұлға құқығына ие.  Бұл құқықтарды заңнамада, осы Жарғыда, съездердің, Бас Кеңес пен Атқару комитетінің қаулыларында белгіленген шекте іс-қимыл жасайтын Съезд, Бас Кеңес, Атқару комитеті, Федерация төрағасы іске асырады.