You are here

Батыс Қазақстан облысында сала көшбасшылары оқытылды

Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Еңбек кодексі: ерекшеліктері мен жаңалықтары», «Еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. 

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған семинарды облыстық салалық кәсіподақтың төрағасы А.Батырханов ашып, сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларының құқықтық қорғалуы, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында мәдени-көпшілік және спорттық шаралардың ұйымдастырылуы, еңбек дауларының алдын алу және орын алған жағдайда оларды шешу кәсіподақтың негізгі міндеті болғандықтан, еңбек адамдарының мүддесін қорғауда осындай семинар-кеңестің өткізілуі маңызды екенін атап көрсетті. Саладағы 35 бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшылары мен облыстық кәсіподақтар орталығының мамандары қатысқан семинарды «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Светлана Иманқұлова өз сөзімен жалғастырды. Төрайым Үкімет тарапынан ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі көптеген комиссиялардың мүшесі ретінде салада атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқтала отырып, бекітілген келісімдердің орындалуына қол жеткізу, кәсіподақ мүшелерінің еңбек ету бағытындағы жағдайларды жақсарту, оларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстарына кеңінен тоқталды.

Семинар-кеңесте «Еңбек кодексі: ерекшеліктері мен жаңалықтары» тақырыбында баяндама жасаған облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Маусымжан Жүсібалиева Еңбек  кодексінің мазмұнына, оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сараптамалық талдаулар жасады. Сонымен қатар, ұжымдық шарттардың талаптарын орындамау еңбек даулары себептерінің бірі болып табылатынын баса назарға алды.

Баяндамашы ұжымдық шарттағы талаптарды орындамау және одан заңсыз бас тарту Еңбек кодексі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде және келісім комиссиясы, өндірістік кеңес пен оның құрамындағы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жайлы түсініктеме берді. Орталық заңгеріне қатысушылар өз сұрақтарын жолдап, тұшымды жауап алды.

«Еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында баяндама жасаған облыстық кәсіподақтар орталығының бас маманы Қ.Серікқалиев кәсіподақтардың рөлі мен міндеттеріне, кәсіподақ қатарына жастарды тарту және кәсіподақ ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің қатарын сақтай отырып, олардың қатарын көбейту бағытында жұмыстар жүргізілу қажеттілігіне, әлеуметтік әріптестіктің рөлі, келісімдердің, ұжымдық шарттардың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, баяндамашы қазіргі уақытта еңбек қатынастарын реттеуде ұжымдық шарттың барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда болуы шарт екеніне, ол қызметкерлерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қорғаудың басты құралы болып табылатындығына және облыстық кәсіподақтар орталығы бойынша атқарылған іс-шаралар жөнінде жалпы мағлұмат беріп өтті.

Семинар-кеңес барысында Атқару комитетінің отырысы өткізіліп, салалық кәсіподақ ұйымдарының алда атқарылатын іс-шаралары талқыланды. Жиын соңында Светлана Иманқұлова мен А.Батырханов салалық кәсіподақтың облыстағы көшбасшыларына төс белгілер мен Алғыс хаттар табыс етті.

 

БҚО 

Соңғы жаңалықтарды білемін десеңіз