You are here

«KIOSH-2017» – өткір шешімдер алаңы

Астана қаласындағы «Көрме» орталығында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай еңбек қорғау және өнәркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі «KIOSH-2017» VIІ қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрмесі өтті.

Екі күнге созылған шараға  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР кәсіподақтар Федерациясының, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Халықаралық еңбек ұйымының, Ресей мен Моңғолия елдері еңбек инспекцияларының өкілдері және өзге де тараптар қатысып, өзекті тақырыпты кеңейтуге атсалысты.

Конференция барысында Қазақстан кәсіпорындарындағы еңбек жағдайы және оны жақсартуға қатысты қолға алынған шаралар, ҚР мемлекеттік еңбек инспекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бақылау-қадағалау тыныс-тіршілігі мәселелері талқыланды.Сондай-ақ, конференция қатысушылары бірнеше бөлімдер бойынша маңызды тақырыптарда баяндамалар оқып, ашық сұхбатқа түсті. Мәселен, «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз ету – жұмыскерлердің денсаулығы мен өмірін сақтаудың негізі», «Жеке және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сертификаттаудың ауқымды мәселелері», «Ғылыми көзқарас: еңбекті қорғау бойынша теория мен практиканы біріктіру және оның мүмкіндіктеріндегі басымдықтар» және «Жұмыс орнындағы еңбеккердің денсаулығы мен қауіпсіздігі» тақырыптарында жан-жақты талқыға түсті.

– Статистикаға жүгінсек, жыл сайын елімізде 1500-нан аса адам өндірістік жарақат алса, оның 200-дейі қайғылы оқиғамен аяталатыны өкінішті. Еңбек кодексінің 203-бабында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестік шешімдері жұмыс беруші мен жұмыскерлер үшін міндетті болып табылатыны кәсіподақ .үшін де көп басымдық береді. Яғни, бүгінде республика бойынша 12412 өндірістік кеңес құрылса, оның 92 пайызы кәсіподақтардың үлесінде. Бұл еңбекті қорғауды одан әрі жетілдіруге зор мүмкіндік қана емес, оң нәтиже беруде, – деді өз кезегінде ҚР кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

Еліміздің түрлі саласында өзіндік беделі мен көзқарасы бар тұлғалары еңбек адамдарының қауіпсіздігі мен қауіпсіз еңбек жағдайын сарапқа салып, жұмыс орындарында оқыс оқиғалардың алдын алудағы үздік тәжірибелермен бөлісетін алаңда тек сыншыл ойлар мен өткір шешімдер айтылды.

Сонымен қатар, «KIOSH-2017» көрмесінде құрылыс, көлік, энергетика, химиялық, тау-металлургиялық, мұнай-газ өнеркәсібі салаларында қауіпсіздікті жан-жақты қамтамасыз етуге арналған өнімдер мен қызметтер толық ұсынылды. Мәселен, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты, «Апаттар медицинасы орталығы және өндіріс жұмыскерлеріне арналған сапалы әрі төзімді киім түрлері, зиянды еңбек жағдайындағы жұмыскерлерге арналған «VITAz» профилактикалық тағам, «Мир здоровья» табиғи сусыны, өндірістік құрал-жабдықтар қонақтардың назарына ұсынылды.

 Дәстүрлі шараның соңында республиканың жұмыс берушілері арасында еңбек қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша өткізілген «Сенім» байқауының нәтижесі анықталып, жеңімпаздар марапатталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлжан ШОРАЕВА

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтарды білемін десеңіз