You are here

Үздік техникалық инспекторлар марапатталды

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының Астана қалалық филиалы «Өркениетті мемлекетке – өркениетті еңбек жағдайлары» атты бірінші астаналық конгрессін өткізді.

Өндірісте қаза болған жұмыскерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алу рәсімімен басталған шараға салалық кәсіподақтың көшбасшылары мен Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, ҚР Мәжілісі мен қалалық мәслихаттың депутаттары, Халықаралық Еңбек Ұйымының Қазақстандағы өкілдері және өзге де мемлекеттік мекемелер мен құрылыс және ТКШ саласының өкілдері қатысты. 

 – Астана қаласы бойынша статистикаға сүйенсек, былтыр өндірісте 74 адам жарақат алып, оның ішінде 27-сі қаза тапқан. Бұл қайғылы оқиғаның 80 пайызы құрылыс саласында орын алғаны өкінішті. Сондықтан, бұл проблеманы шешу түбегейлі жаңа тәсілді қажет етіп отыр.  Еңбекті қорғау саласындағы идеологияның жаңа кезеңі – орын алып қойған қайғылы оқиғаларға сәйкесінше жедел жауап қайтару немесе дер кезінде алдын алу, жұмыскер денсаулығын сақтауға бағытталған алдын алу шараларын жүзеге асыру болып табылады. Осы жұмыстардың негізінде кәсіби қауіптерді басқарудың механизмдерін енгізу, мекемелерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құрудың заманауи жүйесін құру қажеттілігі бізге, яғни кәсіподақтар мен жұмыс берушілерге үлкен жауапкершілік артып отырғанын түсінуіміз қажет, – дейді Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағы Астана қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Мадьярова.

Төрайым айтқан бұл басымдықтарға конгресте сөз алған баяндамашылар қолдау көрсете отырып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, әлеуметтік әріптестікті қамтамасыз ету жөніндегі ықпалдастықтың негізгі бағыттары турасында түйінді пікір мен ұсыныстарын ортаға салды. Нәтижесінде, 2017-2019 жылдарға арналған еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыру, Құрылыс кешені және ТКШ ұйымдарына еңбек қорғау мәселелері бойынша кеңестік және әдістемелік көмектер көрсету жұмыстарының белсенділігін арттыру, еңбекті қорғау саласныда алдыңғы қатарлы тәжірибені насихаттау мен енгізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану, ұйымдарда техникалық инспекторлардың институты мен өндірістік кеңестерді құру арқылы ықпалдастық жасау мақсаттары жолға қойылып, революция қабылданды.

Сонымен қатар, конгресс барысында «Астана қаласының еңбекті қорғау жағдайы бойынша үздік құрылыс ұйымы» және «Екбекті қорғау бойынша үздік техникалық инспектор» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Байқау қатысушылары 2016 жыл бойынша мекемелерде қайғылы жағдайлардың орын алмауы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының бұзылмауы, жұмыс орнындағы өндірістік мәдениет сынды белгілер бойынша сұрыпталды. Барлық талаптың үдесінен шығып, еңбек қауіпсіздігін сақтау саласында үлгі болған «Астана –Зеленстрой» АҚ техникалық инспекторы Есмағзам Алпысбаев «Еңбек қауіпсіздігі бойынша үздік техникалық инспектор» атанып, салалық кәсіподақ атынан кубок пен ақшалай сертификатпен марапатталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлжан ШОРАЕВА

 

Соңғы жаңалықтарды білемін десеңіз